Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтардың жалақысы өседі.
ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқуға байланысты мұғалімдердің жалақысы қысқармайтынын, керісінше 2021 жылдың қаңтарынан бастап көтерілетінін айтты, деп жазады Tengrinews.kz.
"Мұғалімдерге көп салмақ түсті. Кей жерлерде керісінше салмақ азайды деген пікірлер айтылады, бірақ жұмыстары еселеніп кеткен. Жақында мұғалімдерді ақысыз демалысқа жібереді деген пікір болды, біз бұл бойынша жедел әрекет еттік, біздің ойымызша, педагог тамызда да бұған дейін қанша алды, сонша алуы керек", - деді Аймағамбетов Instagram желісіндегі тікелей эфирде.
Министр мұғалімдердің жалақысын азайту үшін қашықтан оқуды сылтау еткісі келгендер болғанын айтты.
"Мен онымен келіспеймін. Біз қашықтан оқу мұғалімнің жалақысына әсер етпеуі керек деген шешім шығардық. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтардың жалақысы көтерілді. Қыркүйектен бастап "Педагог мәртебесі" заңына сәйкес қосымша үстемақы болады, ол да мұғалімдер үшін айтарлықтай көмек. Енді қаңтардан бастап әріптестеріміздің жалақысы 25 пайызға өседі", - деді министр.