Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған балабақша бір жас пен алты жас аралығындағы балаларды қабылдайды.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Іңкәрім» мектепке дейінгі академия» атты жаңа балабақша ашылды, деп жазады egemen.kz.
Әлеуметтік нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Сенат депутаты Сергей Ершов және басқа да мәртебелі меймандар қатысып, балалар мен олардың ата-аналарын құттықтады. Балабақша тәрбиешілеріне сый-сияпат жасады.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған балабақша бір жас пен алты жас аралығындағы 270 балаға дейін қабылдай алады. Мұнда балақайлар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқып, хореография, театр шеберлігі, кескіндеме, ән айту сияқты өнер түрлерінің әліпбиін үйренеді.
Мекеменің іші жиһазбен жабдықталған. Ауласында заманауи ойын алаңы бар. Сондай-ақ барлық қажетті құралдары бар музыкалық және спорт залдары жұмыс істейді.
Жобаны іске асырушы Фархат Маденовтің айтуынша, аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасыларының және оралмандардың балалары балабақшаға тегін бара алады, ал қалған санаттағы бүлдіршіндер үшін төменгі төлем жүйесі қарастырылған.