Заң жобасы Елбасының тапсырмасын іске асыру мақсатында және Қазақстанның халықаралық шарттардағы міндеттерін орындау үшін әзірленді. Осы орайда 5 Кодекс пен 22 заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу қарастырылды.
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасы Елбасының тапсырмасын іске асыру мақсатында және Қазақстанның халықаралық шарттардағы міндеттерін орындау үшін әзірленді. Осы орайда 5 Кодекс пен 22 заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу қарастырылды.
«Атап айтсақ, заң жобасында «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңға 18 жастан асқан, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдарға арналған жаңа жәрдемақы енгізу нормалары бекітілді. Бұл жәрдемақыны 14 мыңға жуық отбасы алады. Ал жәрдемақы көлемі күнкөріс деңгейінің ең төменгі 1,05 мөлшерін құрайды. Бұл жәрдемақы өтініш берген күнінен бастап бала кезінен бірінші топтағы мүгедектіктің барлық кезеңіне тағайындалады. Бұл ретте, осы заң жобасының бір жаңалығын атап өткім келеді. Ол бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке қарап отырған аналардың күтім жасаған кезеңі еңбек өтіліне қосылады. Осы мақсаттарға 2018 жылдың 1-ші шілдесінен бастап 2,7 млрд теңге қарастырылды», - деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова.
Оның сөзіне қарағанда, Елбасының екінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру үшін Салық кодексіне өзгерістер енгізіледі. Ұсынылып отырған салық өзгерістері жалақысы төмен қызметкерлерге салық жүктемесін он есе азайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, жеке табыс салығының кезеңі бір жыл болғандықтан, аталған тетік 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылатын болады.