Министр Қазақстанның қарызы қалай азаятынын айтты

0
784

​Қазір Қазақстанның мемлекеттік қарызы қауіпсіз деңгейде.


Министр Қазақстанның қарызы қалай азаятынын айтты

ERNUR.KZ. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік борышты азайту үшін қандай шаралар қабылданатынын мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік борыштың өсуі республикалық бюджет тапшылығын жабу қажеттілігімен және маңызды әлеуметтік жобаларды қаржыландыру үшін қарыз алумен байланысты.
"Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік борыш деңгейі жалпы ішкі өнімге шаққанда 27,4%-ті құрады және бүгінгі таңда қауіпсіз деңгейде сақталып отыр. Мұны халықаралық қаржы және рейтингтік ұйымдардың бағалауы да растайды", - деді Жамаубаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Десе де, ол мемлекеттік борышты басқару одан әрі жетілдіруді талап ететінін атап өтті. Ол үшін мынадай шаралар қабылданады:
Біріншісі – бюджет тапшылығы кезең-кезеңімен азаяды. Бұл борыштың өсу қарқынын төмендетуге ықпал етеді.
Екіншісі – бюджеттің кіріс бөлігін арттыру үшін көлеңкелі экономикамен күрес күшейеді. Әкімшілендіруді жақсарту және цифрландыру арқылы салық түсімдерін біртіндеп ұлғайту жоспарланып отыр.
Үшіншісі – қарыз алу кезінде ішкі нарықтың өтімділігі барынша пайдаланылады. Бұл валюталық тәуекелдерді болдырмау және ішкі нарықты дамыту мақсатында жасалады.
Бұдан бөлек, министр заңнамада сырттан алынған қарызды уақытылы игермегені үшін мемлекеттік органның бірінші басшысы жазаланатынын ескертті.
"Жалпы, Үкімет жүйелі түрде мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор қарызының қалыптасуына және басқарылуына бақылауды күшейтеді", - деді Жамаубаев.
Айтуынша, 2030 жылға дейін мемлекеттік қаржыны басқару концепциясы қабылданады.