Естіген елдің жағасын ұстатқан бұл жайтқа қатысты сот биыл наурызда басталған еді.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде мүгедек қарындасын екі жыл бойы зорлап келген азғын 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Ақтөбелік азғынға жергілікті сот үкім шығарды. Ал, сотталушы өзіне тағынған кінәні мойындамады. Жәбірленуші тараптың да сот шешіміне көңілі толмайды.
Естіген елдің жағасын ұстатқан бұл жайтқа қатысты сот биыл наурызда басталған еді. Ресми деректерге сүйенсек, 54 жастағы айыпталушы, жәбірленуші қыздың әкесі жағынан туыстығы бар. Емшілік қасиеті болған соң, жақындары мүгедек қызын емдеу үшін массаж жасауды сеніп тапсырған. Алайда сенім ақталмады. Туысы сөйлей алмайтын 28-дегі қызды күштеп зорлаған. Әрі оны 2 жыл бойына әдетке айналдырыпты.
Ақтөбе қаласы №2 сотының үкімімен Әміржан Қарлығашев бірнеше рет жасалған зорлау фактісі бойынша кінәлі деп танылып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесіндегі өтеуге 6 жыл 8 ай мерзімі бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - дейді облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Анар Айтжанова.
Одан бөлек айыпталушы жәбірленушіге 2 миллион теңге көлемінде моральдық залал төлейтін болады. Сот сотталушының кәмелетке толмаған баласының бар екендігі ескерген. Бірақ айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Жәбірленуші тараптыңда, үкімге көңілі толмады.
Қызым сұрайды. Әр бір сәтте сұрайды соттан келгенде қалай болды? Не болды деп сұрайды. Анда мында бара береді. Осында болды ғой. Неге ол мойнына алмайды деп қызым. Көңілім толмаса да бір Құдай жазасын берсін. Енді не істейміз. Сот осылай шешті, - дейді жәбірленушінің анасы.
Бұл сұмдық жайтты бойжеткен анасына ыммен айтып жеткізген. Туа біткен сал ауруына шалдыққан жарымжан қызын қорлаған адамға қатысты үкімді тыңдап шыққан ананың жанары жасқа толы. Айтуынша қандай жаза алса да, қызының ары мен жанына түскен дақты өшіре алмайды. Отбасы енді басқа жаққа қоныс аударуды жоспарлап қойған. Өйткені олар тұрған бұл үйдің әрбір бұрышы жақыны жасаған азғындықты еске салатын көрінеді.