Мұғалімдер тиісті жалақысын талап етті

0
2 405

Мұғалімдер өздерінің атқарған жұмыстары үшін тиесілі жалақы төленгенін қалайды.


Мұғалімдер тиісті жалақысын талап етті

ERNUR.KZ. Ақмола облысының Сандықтау ауданында мектеп мұғалімдері шу шығарды, деп жазады aikyn.kz.

Бұған дейін онлайн режимде қашықтан оқытылып келген оқушылар бірінші қаңтардан дәстүрлі түрде мектепте оқытыла бастаған. Бірақ орын саны шектелгендіктен, әрбір сынып екі топқа бөлініп оқып жатыр. Ал мұғалімдерді қинайтыны – бір сыныпқа екі рет сабақ бергені үшін ешқандай жалақы төленбеуі. Ұстаздар өздеріне тиісті жалақы төленбегеніне наразылық білдірді. Ал облыстық Білім басқармасы тиісті қаражаттың төленбеуіне Сандықтау аудандық білім бөлімін кінәлап отыр.

Ұстаздардың айтуынша, сынып кабинеттерінің үлкендігі балалардың әрқайсысын жеке отырғызуға сәйкес келмейді. Сондықтан бүтіндей жиырма баланы бір мезетте оқыту мүмкін болмағандықтан әрбір сынып екі ауысымда оқытыла бастаған.

«Біз 1 қаңтардан бастап штаттық режимге ауыстырылғанбыз. Мектептегі барлық сынып екі топқа бөлінді. Сөйтіп, әрбір сынып екі ауысымда оқытылатын болды. Сыныптардың әрқайсысында жиырмадан артық бала оқиды. Ал кабинеттерге әрқайсысын жеке отырғызуға мүлдем сыймайды. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес орындауға мәжбүр болдық. Бірақ бізге Сандықтау ауданы білім бөлімі штаттық режимге көшірілген оқушыларды екі ауысымда оқытқаны үшін екі еселік жалақы қарастырылмағанын айтады. Мұндай төлемдер тек кезекші сыныптарға ғана қарастырылыпты. Сонда дәл осылай қызмет атқарып жүрген біздің кінәміз қандай?», – дейді Сандықтау ауданының ұстаздары.

Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, оларға бір сынып екіге бөлінсе де, бұрынғыдай жалақы тағайындалыпты. Яғни, ұстаздар бір сыныпта күніне екі мәрте сабақ беруге, екі мәрте сол тақырыпты түсіндіруге мәжбүр. Ал әрбір партаға екі баладан отырғызуға санитарлық-эпидемиологиялық станса мамандары рұқсат бермеген. Ал Сандықтау аудандық білім бөлімінің мамандары мектеп штаттық режимге көшірілгендіктен екі еселік төлем қарастырылмағанын мәлімдеді.


«Сыныпта балалар әрбір партаға бір-бірден ғана отыруы тиіс. Бұл –санитарлық талап. Ал ол орындалмаған жағдайда айыппұл сол мектепке емес, бізге яғни білім бөліміне салынады», – дейді Сандықтау ауданы білім бөлімі.

Ал мұғалімдер өздерінің атқарған жұмыстары үшін тиесілі жалақы төленгенін қалайтынын айтты.

«Біз әділдікті талап етеміз. Қатардағы мұғалімдерге мектеп қандай штаттық режимде жұмыс істейтіні маңызды емес. Бізге оқушыларымыздың да өзіміздің қауіпті жұқпалардан аулақ болғанымыз маңызды. Дегенмен екі еселенген жұмыс үшін тиісінше жалақы төленуі тиіс, – дейді Сандықтау ауданының ұстаздары.

Мәселені Ақмола облысының Білім басқармасынан білмек болып, сауал қойдық.

«Егер сынып екі кезекші сыныптарға бөлінсе, онда төлем қосымша тарификация бойынша өткізілген сағаттар үшін жүргізіледі. Аталған мәселе Сандықтау аудандық білім бөлімінің кінәсінен болған. Қазіргі сәтте білім бөлімімен қайта есептесу жүргізіліп жатыр. Өткізілген сағаттар үшін төлем жақын арада жүргізілетін болады», – делінген Ақмола облысы Білім басқармасының ресми жауабында.