Мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ жұмысқа тартуға жол берілмейді - Аймағамбетов

0
923

Мұғалімдерге қатысты мәселелердің барлығы министрліктің тұрақты бақылауында болады.


Мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ жұмысқа тартуға жол берілмейді - Аймағамбетов

ERNUR.KZ. Бүгін Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кездесіп, білім саласына қатысты мәселелерді талқылады, деп жазады ҚазАқпарат.

Сенаттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, С.Еңсегенов білім беру жүйесінде туындаған және бейінді ведомствоның араласуын талап ететін бірқатар маңызды проблемаларды тілге тиек еткен. Атап айтқанда, депутат пен министр мектептердің қашықтан оқытуға дайындығы, мектеп директорларын ротациялау арқылы тағайындау, жалақыны арттыру және мемлекеттік сатып алуға құжаттарды дайындау бойынша мұғалімдерге түсетін жүктемені алып тастау мәселелерін талқылады. Аталған мәселелерді тұрғындар сенатордың аймақтық сапарлары кезінде көтерген.

Асхат Аймағамбетов ведомствода қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар жобасы дайындалғанын, ол қазірдің өзінде Парламентке жіберілгенін және бұл айтылған мәселелерді шешуге ықпал ететіндігін айтты.

Сондай-ақ, сенатор мектеп психологтары қызметіне қатысты туындайтын мәселелер туралы сөз қозғады.

Өз кезегінде А.Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң мұғалімдерді кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмысқа тартуға жол бермейтінін айтып, С.Еңсегенов сөз еткен мәселелердің барлығы министрліктің тұрақты бақылауында болатынын жеткізді