Назарбаев еліміздің тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді – Тоқаев

0
767

Президент ел ағалары жауапты сәтте ұйымшылдықпен ұлт мүддесін қорғай білгенін атап өтті.


Назарбаев еліміздің тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді – Тоқаев

ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде егемендік декларациясын қабылдау оңайға соқпағанын айтты, деп жазады sputnik.kz.

"Шын мәнінде, егемендік декларациясын қабылдау оңайға соққан жоқ. Еліміздің ұлттық құрамы біркелкі емес еді. Сол кездегі Парламентте, яғни Жоғарғы Кеңесте және бүкіл қоғамымызда ұзақ пікірталас, қызу талқылау болды. Құжаттың әр сөзін, әр бабын қорғауға тура келді", - деді ол.
Президент ел ағалары жауапты сәтте ұйымшылдықпен ұлт мүддесін қорғай білгенін атап өтті.
"Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды, отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды. Олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болады", - деп толықтырды Тоқаев.
Бұл ретте мемлекет басшысы Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өтті.
Ол елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс деп есептейді.
"Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек. Осы орайда тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін атап өткен жөн. Себебі ол еліміздің Тәуелсіз мемлекет атанып, тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді", - деп түйіндеді президент.