Мамандар мұны төмен көрсеткіш деп бағалап отыр.
ERNUR.KZ. «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасы SARS-CoV-2 коронавирусы бойынша ПТР-тестінің оң нәтижесін алғандар арасында екпе салдырған адамдар үлесін анықтады деп жазады Azattyq Ruhy.
2021 жылдың тамыз айында Нұр-Сұлтанда SARS-CoV-2 коронавирусы бойынша ПТР-тестіні 28275 адам тапсырған, оның ішінде 19130 адам – екпе алмағандар және 9145 адам – екпе салдырғандар.
«Вакцина салдырмағандар арасында коронавирус бойынша ПТР-тестінің оң нәтижесін 19,8% пациент немесе 3782 адам алды. Вакцина салдырғандар арасында оң нәтиже тек қана 1,8% адамда немесе 167 пациентте анықталды, - деп хабарлады «КДЛ ОЛИМП» ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменов. - Атап өтерлігі - екпе алғандар қатарында вакцинаның бірінші дозасын ғана салдырғандар, тестіні шетелге шығу үшін, жұмыс орнында көрсету үшін тапсырған клиникалық белгілері жоқ симптомсыз вирус тасымалдаушылар бар», - деп мәлімдеді зертхана басшысы.
«ОЛИМП» КДЗ желісінің жетекшісі бұл мәліметтердің жаппай вакциналаудың тиімділігін көрсеткенін атап өтті.
«Біздің мәліметке сәйкес, екпе алғандар вакцина салдырмағандармен салыстырғанда коронавируспен 10 есе (1,8% 19,8%-ға қарсы) сирек ауырады. Бұдан вакцинаның тиімділігін көруге болады, себебі коронавирус жұқтырғандар қатарында екпе алғандар саны өте аз», - дейді «КДЛ ОЛИМП» ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменов.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 830 мың адамнан асты. Олардың 701 641-і емделіп шыққан.