Нұр-Сұлтанда басшының атынан балабақша кезегіне жүздеген бала тіркелген

0
1 075

Осы жолы балабақшаға жолдама алу жаңа жүйе бойынша жүзеге асырылады.


Нұр-Сұлтанда басшының атынан балабақша кезегіне жүздеген бала тіркелген

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин балабақша кезегіне өз атына тіркелген жүздеген балаға қатысты түсініктеме берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Нақты менің атыма бірнеше жүз бала тіркелген болатын. Мұндай жайт балаларды балабақшаға тіркеуді қағаздан электрондық форматқа ауыстыру барысында орын алған еді», - деді ол елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Осы орайда басқарма басшысы БАҚ өкілдерінің «мұндай әрекет Қазақстан заңнамасына қайшы емес пе?» деген сауалына жауап берді.

«Бұл заңнаманың ешқандай нормасына қайшы емес. Керісінше біз ата-аналарға көмек көрсеттік. Себебі, біз мұндай қадамға бармаған кезде олар кезектен айырылып қалатын еді. Ал бұл дұрыс емес. Электрондық форматқа көшуімізге байланысты бірде-бір ата-ана, бірде-бір бала өздерінің кезектегі орнынан айырылмауы қажет. Сондықтан осындай әрекетке бардық. Ата-аналардың басым бөлігі қазірді уақытта балаларды өз аттарына жаздырып алды», - деді Әнуар Жанғозин.

Айта кетейік, елорда балабақшаларында 17 мың орын босайды. Осы жолы балабақшаға жолдама алу жаңа жүйе бойынша жүзеге асырылады.