Дәрігерлер әйелдің жағдайына алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Науқас тыныс алу жолдарының инфекциясын жұқтырған.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда әйел бойынан коронавирус инфекциясының белгілерін байқағанын айтып, дәрігерлерге қаралды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Әйел Қытайда болмаған және Қытай азаматтарымен қарым-қатынас жасамаған. Ол коронавирус инфекциясы төңірегіндегі дүрбелеңге салынып емханаға келген", - деп түсіндірді денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлер оған өткір респираторлы вирустық инфекция деген диагноз қойды (ӨРВИ).
Бұған дейін әлеуметтік желілерде коронавирус жұқтырды деген күдікке ілінген әйел бірінші емханаға барғаны туралы расталмаған ақпарат тараған болатын.
Өткен сәрсенбіде қаңтар айында Қытайдан оралған Астана медицина университетінің студенті қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында тексерістен өтті. Науқасқа "өткір бронхит" диагнозы қойылды, коронавирустық инфекция табылған жоқ.
6 ақпандағы мәлімет бойынша Қытайдан келген 110 адам Қазақстанның медициналық мекемелеріне жатқызылды. Оның 30-ы стационарда қалды. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.