Нұр-Сұлтанда концерт берген ресейлік әншінің басы дауға қалды

0
761

Ең қымбат билетті сатып алған көрермендерге артқы қатарлардан сахна алдына жиналған адамдар кедергі келтірген.


Нұр-Сұлтанда концерт берген ресейлік әншінің басы дауға қалды

ERNUR.KZ. Белгілі ресейлік әнші Алексей Чумаковтың Нұр-Сұлтанда өткен концертінен кейін он адам билеттің ақшасын қайтарып беруді талап еткен. Бұл туралы әртіс әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Чумаковтың концерті екі мыңнан аса көрермен сиятын "Конгресс-орталықта" өтті, деп хабарлайды ktk.kz.

Шоудан кейін ең қымбат билеттерді сатып алған көрермендер шу шығарған. Қонақтардың айтуынша, концерт басталғаннан кейін 40 минуттан соң, артқы қатарда отырған адамдар сахна маңына жиналып, билей бастаған. Алексей Чумаков сахна жанында билеген адамдардың кесірінен концертті дұрыс тамашалай алмаған тыңдармандарынан кешірім сұрады. Ол мұндай залда фан-зона құру мүмкін емес екенін түсіндірді.

"Концертті алдыңғы қатардан көргіңіз келетінін түсінемін. Сол үшін ақша төлейсіздер. Бірақ мен бізге барынша жақын болуды қалаған мыңдаған адамға тосқауыл бола алмаймын. Мен әр көрерменіме көңіл бөлгім келеді, Құдай куә. Алайда бәрінің көңілін табу мүмкін емес. 10 адам сахнаны көре алмағаны үшін шоудан кейін билетін тапсырды. Мен оларды түсінемін. Ақшасын қайтарып бердім", - деп жазды әртіс концерттен кейін.

2003 жылғы "Халық әртісі" музыкалық реалити-шоуының жүлдегері алғаш рет Нұр-Сұлтанда өнер көрсетті. Билет бағасы 10 мыңнан басталып, 40 мың теңгеге дейін жетті. 7 қазанда Чумаков Алматыда концерт береді.