Бүгін «Нұр-Сұлтан - Прага - Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша тұрақты әуе рейсінің тұсаукесер рәсімі өтті.
ERNUR.KZ. Жыл соңына дейін Нұр-Сұлтан қаласынан әлемнің бірнеше қалаларына тікелей әуе рейстері ашылатын болады, деп жазады holanews.kz.
«2019 жылдың 2 маусымынан бастап SCAT әуе компаниясы Қазақстан мен Чехия астаналары Нұр-Сұлтан және Прага қалалары арасында «Boeing 737» ұшағымен аптасына 2 рет тұрақты рейстерді орындайтын болады. Бұл рейстің ашылуы маршруттық желілерді дамытуға ықпал етіп, туризмді дамытуға және екі елдің транзиттік әлеуетін арттыруға үлес қосады», - делінген хабарламада.
Соңғы төрт айда Жуковский-Қарағанды, Жуковский-Көкшетау, Жуковский-Петропавл (ИрАэро), Алматы-Баку (AZAL авиакомпаниясы) бағыттарында жаңа халықаралық әуе бағыттар ашылды. Бұдан бөлек, 2 маусымнан SCAT әуе компаниясы «Нұр-Сұлтан - Ұланбатыр - Нұр-Сұлтан» бағытындағы тұрақты рейстерді ашуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, жыл аяғына дейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.А.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Нұр-Сұлтан-Токио» тікелей рейсін ашу жоспарланып отыр.