Нұрлан Әуесбаев Алматыда сайлаушылармен кездесті

0
310

Іс-шара барысында Нұрлан Әуесбаев жиналған қауымды өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарымен таныстырды.


Нұрлан Әуесбаев Алматыда сайлаушылармен кездесті

2022 жылдың 3 қарашасында ҚР Президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан үміткер Нұрлан Әуесбаев Алматыға келді. Сапар аясында №176 мектеп-гимназиясында сайлаушылармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Іс-шара барысында Нұрлан Әуесбаев жиналған қауымды өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарымен таныстырды. Үміткер өз сөзінде Қазақстандағы экономикалық жағдайдың көңіл көншітпейтінін атап өтті. Инфляция мен баға өсімі, сонымен бірге ұлттық валюта бағамының әркез төмендеуі – қатардағы қазақстандықтардың қалтасына ауыр тиюде. Сол себепті де Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды бағдарламасының алғашқы тармағы саяси реформаларға арналған.

ЖСДП-дан үміткердің пікірінше, мұның алдын алу үшін «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» формуласынан бас тартуымыз керек. Бұл формулада бірінші кезекте кәсіби, дағдарысқа қарсы үкіметті құратын бір палаталы парламент мықты болуы керек. Сонымен қатар Мәжілістің 50%-ы өздерін қолдаған халық алдында жауапты болатын өзін-өзі ұсынушылардан құралуы тиіс. Сол кезде ғана біраз дүние, оның ішінде білім беру саласындағы мәселелер шешіле бастайды.

Нұрлан Әуесбаевтың пайымдауынша, медицина секілді білім беру саласы да мемлекет тарапынан мықты қаржыландырылуы тиіс. Аталмыш саланың дамуына ЖІӨ-ден жылына 5-7% аралығында қаражат бөлу қажет.