Бұл жерге қайта оралу үшін олар тіпті төлқұжатын өзгертуге дейін барады екен.
ERNUR.KZ. Қазақстанның он мыңнан астам азаматы Корей елінде заңсыз еңбек етіп жүр,деп жазады Zakon.kz.
Қазақстандық туристерге кіруге қиынға соққан елдердің бірі – Оңтүстік Корея.
Дегенмен екі мемлекет арасында визасыз режим орнатылған. Оңтүстікореялық музыка мен фильмдері қазақстандық жастар арасында өте танымал. Корей тілін меңгерген отандастарымыздың саны да өсті. Бірақ оларға да таң самалы еліне есік ашыла қоймауы мүмкін.
Алматы мен Нұр-Сұлтаннан ұшақтар Сеулге күнде қатынайды. Әр рейстен бірнеше қазақстандық Оңтүстік Корея шекарасынан аттай алмай әуреге түседі. Өйткені осы елде заңсыз жұмыс істейтін жерлестеріміздің саны он мыңнан асып жығылады. Инчхон әуежайындағы көші-қон полициясының қызметкерлері әр адаммен тиянақты әңгіме жүргізіп, кейбіреулерін кері қайтарып жатады.
Ли Сон Ён, туристік компаниясының басшысы:
– Қазақстан мен Корея арасындағы визасыз режим орнатылғанына биыл бес жыл толады. Ол енгізілгеннен кейін көптеген заңсыз еңбек мигранттары пайда болды. Сондықтан Кореяға келген адамдар қиындықтарға тап болады. Туристерге айтарым, қорқатын ештеңесі жоқ, осында аман-есен келуге болады. Бірақ Кореяға қандай мақсатпен келдіңіз, қандай көрікті жерлерге барасыз және қай жерде қонасыз, оны нақты айту керек, сонда ешқандай проблема болмайды.
Ли Сон Ён басқаратын туристік фирманың қазақстандықтарға Кореяға саяхат ұйымдастыруда жиырма жылдан астам тәжірибесі бар. Оның айтуынша, келушілерге тыйым салынған бірнеше оқиға орын алыпты. Бірақ көші-қон полициясында анықталғандай, кейбір Қазақстан азаматтары бұрын Оңтүстік Корея компанияларында заңсыз жұмыс істеген үшін осы елден қуып шығарылған. Бұл жерге қайта оралу үшін олар тіпті төлқұжатын өзгертуге дейін барады екен.
Ли Сон Ён, туристік компаниясының басшысы:
– ТМД елдер арасында тек Ресей мен Қазақстан азаматтарына Кореяда отыз күнге дейін визасыз жүруге болады. Сондықтан соңғы уақытта осы елге кіру үшін өзге мемлекет азаматтары Ресейдің немесе Қазақстанның азаматтығын алады.
Оңтүстік Кореяда визасыз медициналық тексеруден өтуге болады. Диагностика кезінде ауру анықтайтын болса кореялық ауруханаларда ем алу үшін екі айлық визаны жасауға болады. Бірақ сонда да Қазақстаннан ем алу үшін келген азаматтар мен көші-қон полиция қызметкерлері әңгімелесу өткізеді. Өйткені оңтүстіккореялық ауруханадан шақыру болса да отандастарымыз осында бір айдан көп жүріп алатын кездері болды. Тіпті қазақстандықтардың бірі Сеулге мүгедектер арбашасына мініп келді. Кейін оның диагнозы дәлелденбеген. Дегенмен, кореялық дәрігерлердің көмегіне мұқтаж адамдар алаңдамасын. Жергілікті ауруханаларында бронь және шынайы медициналық анықтамалары бар емдеушілерге Инчхон әуежайында еш тосқауыл жоқ.