Күзет агенттігі бұл жайтқа қатысты пікір беруден бас тартты.
ERNUR.KZ. Оралда алған ауыр жарақаттары салдарынан ер адам ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды, деп жазады zakon.kz.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсанда сағат 05:00-де Омега ауданында орналасқан «Конденсат» жанар-жағармай құю бекетінен қоңырау шалған адам бір топ жігіт бір адамды жабылып ұрып жатқанын айтқан.
- Полиция жасағы оқиға орнынан үсті-басы қан-қан ер адамды тапты. Күдікті ретінде "Сова" жекеменшік күзет агенттігінің бес қызметкері ұсталды, деп хабарлады БҚО полиция департаменті.
Бұл оқыс оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, яғни "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жедел жәрдем станциясына қоңырау таңғы сағат 04.52-де түскенін растады.
- 04.57 шамасында жедел жәрдем көлігі оқиға орнында болды. 32 жастағы ер адам облыстық көп салалы ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Оның қабырға үсті қуысында, одан иықтан төменгі бөлігінде бірнеше рет пышақ жарақаттары, одан бөлек бет-аузы күп болып ісіп, кеудесінде де көгерген іздер болған, - дейді денсаулық басқармасындағылар.
"Сова" күзет агенттігі бұл жайтқа қатысты қандай да бір түсінік беруден бас тартты.
Басқа мәліметтер нақтыланып жатыр.