Екі айдан бері далада жатқан дене ыдырап, ит-құсқа жем болған.
ERNUR.KZ. Екі апта бұрын саңырауқұлақ жинаушылар Орал жағалауындағы орманда адам мәйітінің қалдықтарын тауып алған. Мәйіт Желаево бөлігіндегі карьерлер аймағында жатқан, деп жазады Azattyq Rýhy.
Полиция мәйіт қалдықтары мен киім-кешектерге сараптама жұмыстарын жүргізіп, оның тамыз айының соңында жоғалып кеткен 58 жастағы Дина Станкоға тиесілі екенін анықтады. Әйелге бұрын есте сақтау қабілетінен айырылу диагнозы қойылған екен.
Полиция әйел денесінің фрагменттерінен жануарлар тістерінің ізін тапты. Әйелдің қайтыс болу себебін сот-медициналық сараптама анықтайды.
Алайда Дина Станконың туыстары көз жеткізу мақсатында генетикалық сараптама тағайындауды талап етіп отыр.
Айта кетсек, Дина Станко 24 тамызда үйден шығып, жоғалып кеткен болатын. Полиция оны іздеу жұмыстарын 27 тамызда бастаған.
«Барлық қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізілді, оның ішінде, жақын маңдағы шағынаудандағы тұрғын үй аулаларын аралап, барлық жертөлелер мен шатырлар, орман алқаптары тексерілді», – деді ПД өкілдері.
Полицияның хабарлауынша, жоғалған әйел бейнекамералардың бірде-бір жазбасынан байқалмаған.
Қайтыс болған әйелдің әпкесі оны полиция шындап іздемеген деп санайды.
«Бұл аумақта бейнекамера көп, оның еш камераға түспей қалуы мүмкін емес. Оны іздеуі тиіс болған полиция қызметкері іздеу жұмыстарымен айналысудың орнына, «ол қаңғыбастармен бірге арақ ішіп, үйге келмей жүрген шығар» деп мені сендіруге тырысты. Мен оған сенбедім, Динаның ішімдік ішпейтінін, оның бауыры ауыратынын (оныншы сыныпта гепатитпен ауырған), сондықтан алкоголь оған у тәрізді әсер ететінін айттым. Бірақ ол Динаны іздемеді. Әлдекімдердің әпкемді біресе ана жақтан, біресе мына жақтан көрдік деген сөзіне сеніп, бейқам жүре берген. Ал бұл уақытта әпкемнің мәйіті ыдырап, ит-құсқа жем болып кеткен…», — дейді фамилиясын атамауды өтінген Мария есімді әйел.
Мария әпкесінің өз ажалымен өлгеніне сенбейді.
«Ит-құс оның денесінен дым қалдырмапты… Ал көйлегі мен іш киімі бүтін қалыпты. Сонда ол қалайша ешкімнің көзіне түспестен, алысқа кетіп қалған? Менің ойымша, біреу оны көлікпен алып кетіп, сол жерден лақтырып кеткен сияқты. Жадын жоғалтқан әйелге әлдекім аяусыздық танытқан деп ойлаймын. Бірақ мен полициның біреуді жауапқа тартатынына күмәнім бар. Барлығын Динаның ауру жағдайына аудара салатын шығар», – дейді Мария.
Дина Станконың артында 14 жасар қызы қалды. Ол қызын жалғыз тәрбиелеп өсірген.