Оралда екі тұрғын үйде өрт болып, 17 адам эвакуацияланды

0
2 130

Оқиға орнынан 9 адам шығарылды, оның төртеуі - балалар.


Оралда екі тұрғын үйде өрт болып, 17 адам эвакуацияланды
ERNUR.KZ. Оралда екі көпқабатты үйде өрт болып, 17 адам эвакуацияланды, деп жазады inform.kz

БҚО Төтенше жағдайлар Департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 2 қазан күні болған. Сағат 16:02-де Гагарин көшесі 105/2-мекенжайында орналасқан төрт қабатты үйден өрт шыққаны жөнінде хабар түскен.

Тұрғын үйдің 26-пәтерінде асүйде жиһаз бен жеке заттар отқа оранды. Оқиға орнынан 9 адам шығарылды, оның төртеуі - балалар. Аталған пәтер иесі - әйел адам құтқарылды.

Өрт департамент күшімен (7 қызметкер, 2 техника) 16:25-те сөндірілді.

Сонымен қатар кеше сағат 22:12-де Зачаган кенті Жәңгір хан көшесі 43-мекенжайында 9 қабатты жатақханадан өрт шықты. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жатақханасының екінші қабатындағы 215-бөлмеде жеке заттар жанды. Оқиға орнынан 8 студент эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ. «Тілсіз жау» сағат 22.57-де ауыздықталды. Өртті сөндіруге 9 қызметкер 3 техникамен жұмылдырылды.

Қазіргі кезде өрт оқиғаларының шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде.