Аса ауыр қылмыс жасады деген 1998 жылғы күдікті анықталды.
ERNUR.KZ. Полицейлер денесі 11 қыркүйекке қараған түні Оралда Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы ойын-сауық орталықтарының бірінің маңынан табылған 28 жастағы жігітке ауыр дене жарақатын салған күдіктіні ұстады, деп жазады Tengrinews.kz.
"Марқұм 1992 жылы туған Ш. есімді азамат екені анықталды, ол ауыр дене жарақатын алу нәтижесінде көз жұмған деп болжанып отыр. Оқиға қатысушылары мен куәгерлерін іздеуге полиция департаментінің барлық жеке құрамы бағытталған. Полицейлердің жедел және үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында оқиғаның барлық қатысушысы және осы аса ауыр қылмыс жасады деген 1998 жылғы күдікті де анықталды. Ұсталған азамат тергеу амалдары кезінде қылмыс орнында болғанын растады", - делінген БҚО Полиция департаментінің хабарламасында.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігіне сәйкес соталды тергеу басталды.
Еске салайық, бұған дейін Оралда түнгі клуб маңында төбелес шығып, ер адам қаза тапқаны хабарланған болатын.