Осал топ өкілдері үшін салынатын жаңа үйлер қымбаттады

0
517

Жауапты тұлғалар мұны құрылыс материалдары бағасының өсуімен байланыстырады.


Осал топ өкілдері үшін салынатын жаңа үйлер қымбаттады

ERNUR.KZ. Павлодар облысында осыдан екі жыл бұрын бой көтерген әлеуметтік баспаналардың бір шаршы метрі 220 мың теңге болса, бүгінде 280 мың теңгеге дейін қымбаттады, деп жазады inbusiness.kz.

Мемлекет тарапынан жаңа пәтерлер бағасының шамамен 35%-ы субсидияланады. Соның өзінде түрлі осал топ санаттары үшін берілетін пәтерлердің бір шаршы метрінің бағасы 180 мың теңге болып тұр. Екі жыл бұрын оның бағасы 160 мың теңге көлемінде сатылған еді.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің сөзінше, жаңа пәтерлердің қымбаттауына құрылыс материалдары бағасының өсуі себеп. Нарықтағы жағдайдың құбылмалы екенін ескерсек, келесі жылы да мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін пәтерлердің тағы қымбаттауы ғажап емес.

"Осыдан бір-екі жыл бұрын тұрғын үйлер құрылысына қатысты құжаттарда бір шаршы метрдің бағасы 220 мың теңге болды. Әкімдік оның 60 мың теңгесін субсидиялап, тұрғындарға әр шаршы метрді 160 мың теңгеге сатып алуға жағдай жасады. Осы жылдың қыркүйек айында республикалық деңгейде әлеуметтік тұрғын үйлердің бағасы өзгеріп, бір шаршы метр 280 мың теңгеге дейін жетті. Оның 100 мың теңгесі жергілікті қазынаның есебінен жабылады. Сәйкесінше, сатып алушыларға 180 мың теңгеден беріледі. Бұл облыстық бюджетке де жүктеме салып тұр", - дейді басқарма басшысы.

Жалпы, Павлодар облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқанымен, түйткілді мәселелер де аз емес. Айталық, облыс орталығында "7-20-25" бағдарламасына сай келер бірде-бір үй жоқ. Бұған дейін жергілікті билік Сарыарқа шағын ауданында салынып жатқан баспаналардың бірін аталмыш бағдарлама арқылы сатылымға шығаратынын жариялап, жұрт одан үміттеніп жүрген-ді. Алайда министрлік пен жергілікті әкімдік бір-бірін әу баста дұрыс түсінісе алмай, соның салдарынан жеңілдетілген талаппен баспаналы болудан дәмеленіп жүрген көпшілік үйден қағылып қалды. Олар армандап жүрген пәтерлер "Шаңырақ" бағдарламасы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған осал топ өкілдеріне үлестірілді. Айтпақшы, осы бағдарлама арқылы келесі жылы Достық шағын ауданындағы тағы үш көпқабатты тұрғын үй салынады.

Бұл ретте тұрғындардың тарапынан қаланың өндірістік аймағында "Жастар" шағын ауданының салынуы алаңдатып отыр. Бұған дейін өктен жиындарға экологтар мен қоғам белсенділері зауыттар шоғырланған аймақта тұрғын үйлер құрылысын бастау қисынсыз екенін алға тартқан-ды. Дегенмен, жергілікті билік жаңа аудан талапқа сай салынатынына сендіріп отыр. Болашақта бой көтеретін ауданның егжей-тегжейлі жоспары да дайын. Қазір жобалаушыларды анықтау жұмыстары жүріп жатыр.

"Келесі жылы облыс орталығында 7 көпқабатты үйдегі мыңға жуық пәтерді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ақсу мен Екібастұз қалаларының әрқайсысында 300 пәтер қолданысқа тапсырылады. Алдағы екі жылда салынатын үйлер белгілі. Бірақ оның іске асу барысы республикалық бюджеттен бөлінетін сомаға тікелей байланысты болмақ", - дейді Қадылжан Сәтиев.

Айта кетейік, соңғы жеті жыл аралығында Павлодар облысында жалпы аумағы 2 млн шаршы метрден асатын 18 мыңға жуық пәтер салынды. Оның 60%-дан астам облыс орталығында орналасты.