​Өскеменде жалғызбасты аналар үшін әлеуметтік балабақша ашылады

0
2 220

Мұнда жалғызбасты аналар үшін барлық жағдай жасалыпты.


​Өскеменде жалғызбасты аналар үшін әлеуметтік балабақша ашылады

ERNUR.KZ. Бүгінде еліміздің 19 қаласында 25 «Аналар үйі» бар. Өскемендегі «Ана үйінің» үйлестірушісі Наиля Оңғарбаеваның айтуынша, бұл жобаның тиімділігі мамандармен дәлелденген, деп жазады altaynews.kz.

Ашылғанына төрт жыл болған Ана үйінде қазірге дейін 120-дан астам жас ана нәрестесін бауырына баса жүріп, колледж немесе жоғары оқу орнындағы білімін жалғастырып, жұмысқа орналасып, басындағы қиыншылығын еңсеріп шыққан.

Әдетте, тұрмыста қиындыққа ұшырап, барар жер, басар тауы болмай, далада қалған жас аналар шарасыздықтан балаларын тастап кетуге мәжбүр болады. Ал Аналар үйінің арқасында мыңдаған бала тастандылар қатарына қосылмай, анасының құшағында қалады, - дейді Наиля Тулевканқызы.

Мұнда жалғызбасты аналар үшін барлық жағдай жасалыпты. Демеушілердің арқасында жас аналар баспанамен, тамақпен, сәбиге қажетті барлық заттармен толық қамтылған. Үй шаруашылығын меңгеруден бастап бала күтімі, қолөнер шеберлігі сияқты түрлі бағыттағы курстар өтеді. Мамандар аналардың, балаларының құжаттарын жөндеп, әрі қарай баласын өзі асырауға мүмкіндігі болуы үшін оларды қандай да бір кәсіп түріне үйретеді. Мәселен, заманауи тігін машинкаларының көмегімен баларына қажетті жаялық, көрпе, жастық, жұмсақ ойыншықтар тігеді. Компьютерлік бағдарламаларды меңгеруде арнайы мамандар келіп, дәріс берсе, кондитерлер шеберлік сағаттарын өткізу арқылы аспаздық өнердің қыр-сырына үйретеді.

«Ана үйіндегі» жалғызбасты аналардың қатарында балалар үйінің түлектері де бар. Олар осы уақытша баспанадан шыққан соң әрі қарай оқуын немесе жұмысын жалғастыру үшін бүгінде балаларды әлеуметтік балабақшамен қамту мәселесі қаралып, жобасы әзірленіп жатыр. Мұндай әлеуметтік балабақшаның ақысы әдеттегі бағадан арзан болады.