Отандық ядролық медицинаны дамытудың Жол картасы әзірленеді

0
507

Вице-Премьер Қазақстандағы ядролық медицина істерінің ағымдағы жай-күйін, түйткілді мәселелері мен перспективалық бағыттарын көтерді.


Отандық ядролық медицинаны дамытудың Жол картасы әзірленеді

ERNUR.KZ. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен мемлекеттік, жеке құрылымдар мен саланың жетекші мамандарының қатысуымен ядролық медицинаны дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп жазады baq.kz.

Вице-Премьер Қазақстандағы ядролық медицина істерінің ағымдағы жай-күйін, түйткілді мәселелері мен перспективалық бағыттарын көтерді. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният баяндама жасады. Ол диагностиканың заманауи әдісін жүргізуді қажет ететін онкологиясы бар пациенттердің саны артып келе жатқанын атап өтті.

Қазір Қазақстанда 4 позитронды-эмиссиялық томограф (ПЭТ-орталық) жұмыс жасайды: Нұр – Сұлтан қаласында – 2, Алматыда – 1 және Семейде-1. Премьер-Министрдің орынбасары онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспардың "тиімділігі жоғары ерте диагностика" бағыты аясында алдағы 2 жылда зерттеудің инновациялық әдістері үшін Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында тағы 4 ПЭТ-орталық ашу жоспарланғанын атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов ПЭТ-орталықтар желісін кеңейту арқылы отандық ядролық медицинаны дамытудың Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ, МЖӘ шеңберінде ынтымақтастыққа мүдделі жауапты мемлекеттік компаниялар қатарынан ведомствоаралық жұмыс тобын құруды жүктеді.