Отбасы банк пәтер жалдап жүргендер үшін жақсы жаңалық жариялады

0
560

​"Бақытты отбасы" бағдарламасының нәтижесі жарияланды. Оған сәйкес, мүгедек баласы бар барлық отбасының өтінімі мақұлданды.


Отбасы банк пәтер жалдап жүргендер үшін жақсы жаңалық жариялады

ERNUR.KZ. "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша мақұлданатын өтінімдердің санын арттыруға шешім қабылданды. Оған бюджеттен қосымша ақша бөлінеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Отбасы банк "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша өтінімдер лимитін 5 000-нан 7 500-ға дейін арттырды. Бағдарламаның әлеуметтік маңыздылығы аса жоғары екенін ескере отырып, осы мақсатқа мемлекеттік бюджеттен қосымша 20 миллиард теңге бөлінетін болды", - делінген ресми хабарламада.

Осы орайда банк мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға басымдық берілетінін ерекше атап өтті. Мәселен, биыл 12 сәуір мен 26 мамыр аралығында "Бақытты отбасы" бағдарламасына қатысуға өтінім қабылданған болатын. Барлығы 37 592 өтінім түсті. Бүгін банк сайтында www.hcsbk.kz іріктеудің нәтижесі жарияланды. Оны ЖСН немесе өтінім нөмірі арқылы тексеруге болады. Осы жолы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және көпбалалы отбасыларға басымдық берілді. 7 500 өтінімнің лимиті мынадай тәртіппен бөлінді:

  • мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан 4117 өтінім түсті. Барлығы мақұлданды;
  • көпбалалы отбасылар, соның ішінде "Алтын алқа", "Күміс алқа", "Ана даңқы" I және II дәрежелі наградалары бар немесе "Батыр ана" атағын алғандар – 2682 өтінім;
  • толық емес отбасылар – 700 өтінім;
  • Негізгі тізімге енбеген үміткерлер резервтік тізімге кіреді. Олар негізгі тізімдегі үміткерлер өтпей қалған жағдайда шақырылады.

Айта кетейік, "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында табысы төмен отбасыларға жеңілдетілген кредит беріледі. Оған көпбалалы, толық емес және мүгедек баласы бар отбасылар қатыса алады.

2 проценттік ипотеканы 20 жылға рәсімдеуге болады. Алғашқы жарнасы – 10 процент. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау мен Ақтауда 15 миллион теңгеге дейін алуға болады. Ал басқа өңірлерде 10 миллион теңгенің ипотекасы рәсімделеді.