Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды заңдастырудың жаңа жолдары пысықталуда
фото:ҚазАқпарат.
ERNUR.KZ. Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды заңдастырудың жаңа жолдары пысықталып жатыр. Соның бірі - емxналар арқылы тіркеуге жіберу, деп жазады ҚазАқпарат.
ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, медициналық мекемеде алдымен жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы адамның әлеуметтік мәртебесі бар ма, жоқ па, сол жағы тексеріледі. Осыдан кейін мамандар оған жұмыссыз, я болмаса, жұмысы бар азамат ретінде тіркелуге кеңес береді. "Әрине, оған медициналық көмек беруден бас тартпайды. Сол жердегі мамандар жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы әлеуметтік мәртебенің бар-жоғын қарайды. Нақты ақпарат болмаса, тіркелу керек деп кеңес береді. Бірақ ешкім міндеттемейді. Медициналық қызметті беруден ешкім бас тартпайды",-деді М.Әбілқасымова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде "Күнделік" атты жаңа ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Ол арқылы кез келген адам өзінің әлеуметтік мәртебесін нақтылай алады. "Мәселен, "Күнделікке" кіргенде "Өзіңнің әлеуметтік мәртебеңді тексер" деген бөлім болады. Жеке сәйкестендіру нөмірін енгізгенде статустың бар-жоғы көрсетіледі. Сосын арнайы сілтеме бойынша ары қарай өтіп, egov.kz сайтына түсуге болады. Сол жерде әрбір адам жұмыссыз, я болмаса, жұмысы бар азамат ретінде тіркеле алады", - деп атап көрсетті М.Әбілқасымова.
Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында министр Әбілқасымова бейресми жұмыспен қамтылған азаматтарды заңдастыру жолдары туралы айтып берді. Оның айтуынша, Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің нақты санаттары енгізілді. "Жылдың басында 2,7 миллион адамның нақты әлеуметтік мәртебесі болмаған. Бүгінде 1 миллион 385 мың адамның мәртебесі нақтыланды. Олардың ішінде 548 мың жұмыскер еңбек шартын жасап, міндетті зейнетақы жарналары түсе бастады. 13 мың кәсіпкер өз қызметін ресми түрде тіркеді. 22 мыңнан астам адам азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер, үй жұмыскері және шетелдік кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер ретінде анықталды. 17 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркелді. 84 мың адам әлеуметтік төлемдерді, ал 19 мың адам атаулы әлеуметтік көмекті алушы ретінде тіркелді. 29 мың әйел жүктілікке байланысты есепке қойылды. 8,7 мың адам үш жасқа дейінгі баласына күтім жасап отыр", - деді М.Әбілқасымова Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Бұдан бөлек, 642,5 мың адам үй шаруасындағы әйелдер, студенттер, тыс жерлерге кеткен адамдар 18 жастан асқан мектеп оқушылары ретінде және басқа санаттар бойынша нақтыланды. Сондай-ақ дерекқорларда қайталанатын жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН), мерзімі өтіп кеткен құжаттар анықталып жаңартылды.