Пәкістанда өткен әскерлер жарысында Қазақстан әскери қызметшілері алтын олжалады

0
581

Жарыс Пәкістанның астанасы Исламабад маңындағы ежелгі Равалпинди қаласында өтті.


Пәкістанда өткен әскерлер жарысында Қазақстан әскери қызметшілері алтын олжалады

ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің әскери қызметшілері «Пәкістан армиясының командалық рухы-2024» халықаралық жарысында топ жарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жарыс Пәкістанның астанасы Исламабад маңындағы ежелгі Равалпинди қаласында өтті. Әскери-спорттық турнир «қарсыластың нысандарын анықтау», «тосқауылдағы іс-қимыл», «артиллерия атысын реттеу», «жедел медициналық көмек көрсету және жаралыларды эвакуациялау», «учаскені минадан тазарту», «түнде су бөгеттерін еңсеру» және Калашников автоматынан ату кезеңдерінен тұрды.

Жарыстың күрделілігі тапсырмалар шартты қарсылас басып алған таулы жерлерде орындалуында еді. Мықты дене шынықтыру жаттығулары, іс-қимыл үйлесімділігі, шыдамдылық пен командалық рух қазақстандық жауынгерлердің сәтті өнер көрсетуінің кепілі болды.

– Біздің психологиялық дайындығымыз бен қаншалықты шымыр екенімізді ұрысқа барынша жақындатылған жағдайда күрделі, әрі бейтаныс жерде сынап көруге тамаша мүмкіндік туды. Ең бастысы – жақсы тәжірибе алдық, – деп қорытындылады команданың жетекшісі подполковник Ербол Серғазин.

«Пәкістан армиясының командалық рухы-2024» халықаралық жарысы 2016 жылдан бастап тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биыл қазақстандық әскери қызметшілер үшінші рет қатысып отыр. 2021 жылы әскери бақылаушылар ретінде барса, 2023 жылдан бастап толыққанды қатысушылар болып келеді.

Естеріңізге сала кетейік, бұл жарыстарға Бахрейн, Йордания, Ирак, Қазақстан, Катар, Сауд Арабиясы Корольдігі, Мальдив, Марокко, Пәкістан, АҚШ, Тайланд, Түркия, Өзбекстан және Шри-Ланка әскери қызметшілері қатысты.