Өңірде балабақшаға баратын 77 бала індет жұқтырған.
Павлодар облысында балалар мен мектепке дейінгі балалар мекемесі қызметкерлерінің коронавирус инфекциясын жұқтыруына байланысты төрт балабақша карантинге жабылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап.
ВАК-тың мәліметінше, қазір өңірде балабақшаға баратын 77 бала COVID-19 инфекциясын жұқтырған, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін қызметкерлер арасында 54 адам ауырып қалған.
Павлодарда 22 желтоқсаннан бастап №23 балабақша жабылған. Коронавирус кіші топтың тәрбиешісінен, сондай-ақ екі баладан анықталған.
Екібастұзда №20 балабақша жабылған, ол жерде мектепке дейінгі топтағы екі бала ауырып қалған.
Сонымен қатар Ақсу қаласында "Балапан" бөбекжайы мен №2 бөбекжай карантинге жабылған. Екі мекеменің әрбірінде екі адам инфекция жұқтырған.
Ведомствоаралық комиссияның хабарлауынша, қазір балалар медициналық бақылауға алынған.
Айта кетейік, соңғы тәулікте өңірде 60 адам коронавирус жұқтырған.