Павлодар облысында 9 жастағы баланың саусақтары үсіп қалған

0
675

Дәрігерлер тұрғындарды көшеде ұзақ жүрмеуге шақырады.


Павлодар облысында 9 жастағы баланың саусақтары үсіп қалған

ERNUR.KZ. Күннің күрт суытуымен жедел жәрдемге жүктеме артты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Өткен демалыс күндері павлодарлық жедел жәрдем үсік шалудың бес жағдайын тіркеді.

Фельдшерлер соңғы үш тәулікте Екібастұзда үсіп қалудың үш жағдайын тіркеді. Қатты аяздан 45, 56 жастағы ер адамдар және бір белгісіз адам зардап шекті. Олардың қолдары мен аяқтарын бірінші-екінші дәрежелі үсік шалып, Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.

Ал Ақсу маңындағы Жолқұдық ауылында дәрігерлер 33 жастағы әйелге көмек көрсетті. Қолын бірінші дәрежелі үсік шалған әйел адамға көмек көрсетілген, алайда ол ауруханаға жатқызудан бас тартты.

Май ауданы Көктөбе ауылында тоғыз жасар баланың саусақтарын жеңіл дәрежеде үсік шалып, аудандық ауруханаға жатқызылды.

«Үсік шалуға байланысты шақыруларға жеделдіктің бірінші санаты беріледі. Яғни мұндай шақыруларға жедел жәрдем барынша жедел жетуі тиіс. Өкінішке қарай, адамдар мас күйінде қатып қалып жатады. Бұл – өте қауіпті, өйткені ішімдіктен кейін дененің жүйке реакциясы төмендейді және адам аяқ-қолының үсіп қалғанын байқамауы мүмкін», – деді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ольга Вербовая.

Дәрігерлер тұрғындарды аязда көшеде мүмкіндігінше ұзақ жүрмеуге шақырады.