Павлодар облысында коронавирустың өршуіне байланысты локдаун енгізіледі

0
2 233

Облыс «қызыл» аймаққа енді.


Павлодар облысында коронавирустың өршуіне байланысты локдаун енгізіледі

ERNUR.KZ. 20 қаңтардан бастап Павлодар облысында коронавирустың өршуіне байланысты бірқатар шектеу шаралары енгізіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Ғизат Абешев мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Жаңа қаулыға сәйкес, сенбі-жексенбі күндері адам көп қатынайтын орындар жұмыс істемейді. КВИ жұқтырған науқастар санының артуына байланысты облыс «қызыл» аймаққа енді. Вирустың бұдан әрі таралуына жол бермеу мақсатында сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көлік жүрмейді. Түскі уақытта аялдамадағы автобус саны ұлғайтылады. Сонымен қатар, тамақтану орындарының жұмыс кестесіне өзгеріс енгізілді», - деді Ғизат Абешев.

Айтуынша, дәмхана иелері келушілерді күндізгі сағат 9.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін қабылдай алады. Жеткізу қызметі кешкі сағат 22.00-ге дейін жұмыс істемек.

«Тұрғындарға сенбі-жексенбі күндері денсаулығын сақтау үшін үйде отыруына тура келеді. Демалыс күндері сауда орындары, азық-түлік емес тауар сататын дүкендер, спорт нысандары, фитнес орталықтары, жаттығу залдары жұмыс істемейді. Сондай-ақ, бассейн, монша, сауна және бизнес орталықтар да келушілерді қабылдай алмайды. Мекеме қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеу режиміне көшеді», - дейді Ғизат Абешев.

Атап өтерлігі, сенбі-жексенбі күндері дәмханалар кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ, жеткізу қызметі кешкі сағат 22.00-ге дейін тапсырыс қабылдай алады.