Павлодарда әйелін аяусыз ұрған ер адам 9 жылға сотталды

0
482

Зардап шеккен әйел мүгедек болып қалған.


Павлодарда әйелін аяусыз ұрған ер адам 9 жылға сотталды

ERNUR.KZ. Павлодарда әйелін балалардың көзінше гантельмен аяусыз ұрған ер адам сотталды. Сотта жәбірленуші сотталушыға қатысты шағымы жоқ екенін айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Оқиға былтыр 3 маусымда болған. Ішіп алған ер адам Амангелді көшесіндегі үйге, өзінің бұрынғы әйеліне келген. Екеуі сөзге келісіп қалып, 32 жастағы тұрғын қасақана өлтіру мақсатында жуынатын бөлмеден салмағы сегіз келі тартатын гантель алып шығып, әйелдің басынан екі рет ұрған. Ол ауыр жарақаттан есінен танған әйелдің денесін басқа бөлмеге апарып, өзі оқиға орнынан қашып кеткен. Дәрігерлер өлім аузында жатқан әйелді аман алып қалған.

Аталған іс облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында екі бап бойынша қаралды.

Сотта жәбірленуші сотталушымен келісімге келгендіктен, бұрынғы күйеуіне аяушылық танытып, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Ал сотталушы мен оның адвокаты бұл қылмысты 106-баптың 1-бөлігіне "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруге" ауыстырып, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұраған еді.

"Сот жасалған қылмыстың ауырлығын және қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, ер адамға ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігі бойынша 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", делінген соттың баспасөз қызметінде.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.