Павлодарда кәсіпкер спорт кешенінің орнына элиталы тұрғын үй кешенін салып тастаған

0
1 279

Павлодар тұрғындары спорт кешенінің орнына элиталы пәтерлер тұрғызылып жатқанын мәлімдеді.


Павлодарда кәсіпкер спорт кешенінің орнына элиталы тұрғын үй кешенін салып тастаған

ERNUR.KZ. Жергілікті әкімдік мәселеден хабардар екен. Айтуларынша, қала орталығындағы аумақты жалға алған кәсіпкер өздерін де алдап кеткен. Енді шенеуніктер кәсіпкерге төрт қабаттан тұратын екі ғимаратты өз қаражаты есебінен сүруді талап етіп отыр, деп жазады Stan.kz

Құрылыс жүріп жатқан аумақ бастапқыда автотұрақ болған екен. Бірақ әкімдік мұнда спорт кешенін салу үшін жерді кәсіпкерге жалға берген. Әкімдік өкілдерінің сөзінше, кәсіпкер құжатқа қол қойылған соң мұнда қызыл кірпіштен екі элиталы тұрғын үй салып тастаған.

“Мониторинг кезінде мердігердің жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқып, басқа нысан салып жатқанын анықтадық. Бірден құзырлы органдарға құрылысты тоқтату туралы хат жолданды. Өйткені бұл аумақ спорт кешенін салуға берілген. Мердігер біздің ескертпелерімізге құлақ аспады. Сондықтан қала әкімі сотқа шағым түсірді”, – деді Павлодар қаласының сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы Тимур Сейітқалиев.

Ал Павлодардың ауданаралық экономикалық соты былтыр жер телімін мемлекетке қайтарып, заңсыз құрылысты орнынан сүру туралы шешім шығарған. Облыстық сот алқасы да бірінші инстанция шешімін қолдаған. Дегенмен нысан иесі Жоғары сотқа жүгініп, іс екінші инстанцияға қайта жіберіліпті. Істі қайта қараған облыстық сот алқасы алғашқы шешімдерін жойып, кәсіпкердің пайдасына шешім шығарыпты. Ал телефон арқылы байланысқа шыққан кәсіпкердің өзі ғимарат спорт кешені ретінде жабдықталады және жұмыстар жақын арада аяқталады дейді. Мұны сот өкілдері де растап отыр.

“Аппеляциялық соттағы жауапкердің өкілі салынған нысандар сәйкес келетінін және өз мақсатына спорт кешені ретінде пайдаланылатынын, онда Павлодар қаласының тұрғындарына арналған спорт секциялары мен сауықтыру орталықтары екенін бірнеше рет түсіндірді”, – деді Павлодар облыстық соты баспасөз қызметінің бас маманы Мардан Құрманғалиева.

Бір қызығы, салынып жатқан екі нысанның келбеті спорт кешеніне мүлде ұқсамайды. Қазірдің өзінде бұл үйлерден пәтерлердің сатылатыны жөнінде жарнамалар жүр. Енді қала әкімдігі заңсыз құрылысты тоқтату үшін жоғары сотқа арыз жазбақ.