​Павлодарда мүгедек баланың анасы дәрігерлерден 2 млн теңге өндіріп алды

0
1 449

Іс Павлодар қалалық сотында қаралды.


​Павлодарда мүгедек баланың анасы дәрігерлерден 2 млн теңге өндіріп алды

ERNUR.KZ. Павлодарда мүгедек баланың анасы дәрігерлерді сотқа беріп, жеңіске жетті, деп жазады Baq.kz.


Іс Павлодар қалалық сотында қаралды. Облыстық сот өкілдерінің хабарлауынша, төрт жыл бұрын 6 жасар баланың дене қызуы көтеріліп, дәрігерлерді шақыртқан. Сәбиге дәрі егіліп, кейін облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Қабылдау бөлмесінің дәрігері балаға анальгин, димедрол, магнезии сульфат және реланиум препараттарын еккен. Бұл шарадан соң сырқат бала облыстық инфекциялық ауруханаға жіберіліп, оның бұлшықетіне цефазолин және магнезия сульфаты егілді. Ем-дом шараларынан соң баланың оң аяғы қозғалмай қалыпты.


Осылайша, сау бала сырқат атанып, Астана және Омбы, Новосібір ауруханаларында емделген. Бірақ, оң нәтиже болмады. Баланың оң аяғы сол аяғынан 2 сантиметрге қысқа болып, мүгедек атанған. Мүмкіндігі шектеулі балақайдың туыстары бұған ақ желеңділер кінәлі деген пікірде.


«2014 жылдың тамыз айында қылмыстық іс қозғалып, медициналық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша медициналық көмек патологиясы бар балаларды емдеу хаттамасына сәйкес жүргізілгені белгілі болды. Десе де, екінші тарап бұл пікірмен келіспей, күрделі сараптама жүрігуді талап етті. Мамандар баланың құйымшақ жүйкесінде нейропатияның дамуының себебін анықтай алмады. Бірақ, сарапшылар диазапеманың орнына сульфат магнезиясы атты екпе салынғанын айтты. Қазіргі уақытта қылмыстық іс тоқтатылды, себебі қылмыс құрамы болған жоқ», - деп хабарлады сот органынан.


Десе де, талап қоюшы баланың мүгедек болып қалғанына дәрігерлерді айыптап, 10 000 000 теңге көлемінде моральдық зиян және 1 464 038 көлемінде материалдық зиянды өндіруді сұрайды


«Нәтижесінде соттың шешімімен Павлодар облыстық балалар ауруханасы талап қоюшының пайдасына 947 967 теңге мөлшерінде материалдық және 1 000 000 теңге көлемінде моральдық зиянды өтейтін болды. Сот шешімі заңды күшіне енді», - дейді облыстық соттың баспасөз қызметінің мамандары.