Балаға «жеңіл жану заттарымен улану» диагнозы қойылды.
ERNUR.KZ. Павлодарда өрт шыққан пәтерден сегіз жасар бала құтқарылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Тілсіз жау 10 шаршы метр алаңда үй заттары мен жиһаздарды қамтыды.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 желтоқсан күні сағат 15:28-де 112 пультіне пәтерден өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.
«Ермак көшесіндегі үш қабатты үйде үшінші қабатта екі бөлмелі пәтер жанды. ТЖ орнына өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкерлері мен медициналық апаттар орталығының қызметкерлері дереу жолға шықты», – деп хабарлады департаменттен.
Пәтерде 2015 жылы туған бала болған, әжесі сол кезде дүкенге азық-түлік сатып алуға шығып кеткен. Газ-түтіннен қорғау қызметінің қызметкерлері автосаты орнатып, балкон арқылы баланы құтқарды.
Апаттық медицина орталығының қызметкерлері баланы тексеріп шыққаннан кейін «жеңіл жану заттарымен улану» диагнозы қойылды. Ауруханаға жатқызудың қажеті болмады.
Өртті сөндіруге алты техника мен 21 қызметкер қатысты. Өрт сағат 15-58-де сөндірілді.