Тұрақта тұрған VIP-нөмірлі көлік полицейлерге күдік туғызған.
ERNUR.KZ. Павлодарда шетелдік көлік жүргізушісі жалған мемлекеттік нөмірді картоннан жасап, тағып жүрген. Ер адам бұл әрекеті үшін әкімшілік жазаға тартылды, деп жазады Tengrinews.kz.
Полиция Павлодар көшелерінің бірінде жалған нөмірмен жүрген көлік жүргізушісін ұстаған. Тұрақта тұрған VIP-нөмірлі Nissan көлігі полицейлерге күдік туғызған.
"Мәліметтер қорын тексерген кезде, мұндай мемлекеттік тіркеу нөмірі бар көліктердің базада жоқ екені анықталды. Кейіннен ер адамның нөмірді қарапайым картоннан жасағаны анықталды", - дейді Павлодар облысы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.
Ұсталған жүргізуші көлік нөмірін жоғалтып алғаннан кейін картонға нөмір жазып, уақытша қойғанын айтты.
"Ер адам нөмірі жоғалған жағдайда полицияға жүгінуі керек еді, оған нөмірдің көшірмесі беріледі. Ол картоннан нөмір жасап қолдануды ұйғарған. Дерек бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды", - деді Сарғұлов.
Жыл басынан бері Павлодар облысының полицейлері жалған нөмір қолданғаны үшін 60-қа жуық тәртіп бұзушыны жазалаған.