Петропавлда 18 жастағы бойжеткен есірткімен ұсталды

0
659

Күдікті бірнеше ай бойы интернет-дүкен арқылы есірткі сатып алып, аса қауіпті затты саудалаған.


Петропавлда 18 жастағы бойжеткен есірткімен ұсталды

ERNUR.KZ. Петропавлда 18 жастағы бойжеткен есірткі қылмысын жасады деген күдікке ілінді, деп жазады ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, петропавлдық бойжеткеннен полицейлер 40 граммға жуық мефедрон синтетикалық есірткі тәркіледі. Әсері күшті әрі аса қауіпті есірткінің бұл түрі Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет анықталып отыр.


«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жедел іс-шаралар, оның ішінде күдіктінің тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізілді. Пәтерде есірткіге ұқсас зат салынған түйіншек табылды. Жүргізілген сот-химиялық сараптама заттың мефедрон екенін растады», - деді СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.


Сондай-ақ, полицейлер пәтерден буып-түйетін материалдарды, ноутбуктарды, таразыны және басқа да есірткі кәсібін растайтын заттарды тапты.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, сотқа дейінгі тергеу материалдарынан күдіктінің бірнеше ай бойы интернет-дүкен арқылы есірткі сатып алып, аса қауіпті затты саудалағаны анықталған. Қазіргі уақытта сот сараптамасы тағайындалды.