Петропавлдағы мектеп оқушысы ҰБТ-дан 128 балл алды

0
503

ҰБТ-да облыс бойынша әзірге ең жоғары балл жинаған Дмитрий Анненков Петропавл қалалық бірінші жалпы білім беретін IT лицейінің түлегі.


Петропавлдағы мектеп оқушысы ҰБТ-дан 128 балл алды

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары - 128 балл жинаған петропавлдық Дмитрий Анненков болашағын математика ғылымымен байланыстырмақ, деп жазады ҚазАқпарат.

СҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ҰБТ-да облыс бойынша әзірге ең жоғары балл жинаған Дмитрий Анненков Петропавл қалалық бірінші жалпы білім беретін IT лицейінің түлегі. Ол тест тапсыруға берілетін мүмкіндіктің алғашқысында 128 балл жинады.

«ҰБТ-ға бірнеше ай дайындалым. Түрлі нұсқаларымен жұмыс істедім. Бірақ ҰБТ кезінде, меніңше, сұрақтар қиындау болды. Бейіндік пәндер ретінде мен математика мен физиканы таңдаған едім. Математика 11 жыл бойы менің сүйікті пәнім болды», - дейді Дмитрий Анненков.

Биыл бұл оқу орнын 39 түлек бітірмек. Олардың бірқатары 120 ұпайдан жоғары нәтиже көрсетіп үлгерді.

«Биылғы түлектер үшін оқу жылы оңай болған жоқ. Алғашқы екі тоқсанды қашықтан оқыды. Сондықтан ҰБТ-ға дайындықты үшінші тоқсаннан ғана бастадық. Біздің оқушымыз бүгінгі күні облыс бойынша ең жоғары балл алып отыр, мұны мақтанышпен айтамыз. ҰБТ-ның аяқталуына әлі бір ай уақыт бар. Сондықтан бұдан да жоғары көрсеткішке әлі де қол жеткіземіз деп ойлаймын», - дейді Петропавл қалалық бірінші жалпы білім беретін IT лицейінің директоры Оксана Новикова.

«Алтын белгіге» үміткер Дмитрий Анненков енді мектептегі емтихандарына дайындалмақ.

«ҰБТ-да алған ұпайым көңілімнен шықты. Өйткені мен өзіме 120-дан кем алмаймын деп меже қойған едім. Механика-математикалық факультетке, қолданбалы математика және информатика мамандығы бойынша түспекпін, ғылым жолын таңдауым мүмкін», - дейді мектеп түлегі.

Биыл СҚО-да 11-сыныптың 2456 оқушысы ҰБТ тапсыруға өтініш берген еді.