Бірнеше рет арыз жазғанымен ешқандай өзгеріс болмаған
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында секс-құлдық өршіп тұр. Бұл туралы Полицияның қоғамдық көмекшісі Сәнімжан Шұғайпова Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа жазған ашық хатында мәлімдеген. Ол вокзал маңындағы келеңсіз жайттарды айтып, әкімнен көмек сұрады, деп жазады sn.kz.
Қоғам белсендісінің айтуынша, секс-құлдықтың дамып кеткені соншалық, тіпті ақсақалдарға дейін зейнетақы алған күні жезөкшелерге кезекке тұрады екен.
«Құрметті Бердібек Мәшбекұлы, сізден көмек сұрағым келеді. Қазір ХXІ ғасыр, бірақ әліге дейін жас қыздарды секс-құлдықта ұстайды. Қазақ жерінде мұндай сұмдық бұрын-соңды еш болмаған еді. Жеңгетайлар әйелдерді өз тәнін сатуға мәжбүрлеп, бизнес жасап отыр. Соның салдарынан олар өздеріне қол жұмсайды. Бір өкініштісі, мұның бәрі полицияның көз алдында болып жатыр», – дейді полицияның қоғамдық көмекшісі.
Сондай-ақ Сәнімжан Шұғайпова Ақтөбе облыстық ІІД-не бірнеше рет арыз жазғанымен ешқандай өзгеріс болмапты. Айтуынша, «мама Галя» деген есіммен танымал болған жеңгетай полиция өзіне түк істей алмайтынын көпшілікке мақтана айтатын халге жеткен екен.
«Адам сатумен айналысып жүрген қылмыстық топтағылардың аты-жөндеріне дейін маған мәлім. Тіпті, мекен-жайларына дейін қолымда ақпарат бар. Осыған дейін полицияға беріп те келдім. Бірақ жезөкшелік өлкемізде дамып келеді. Сіз 2015 жылы Ақтөбе облысына енді ғана әкім болып келгенде вокзал маңындағы келеңсіздіктердің көзін жоюға күшіңізді салғаныңызды білемін. Алайда, уақыт өте келе қайтадан бұрынғы қалпына келді. Осы күні ол аудан секс-құлдық мекеніне айналды. Ол ғана емес, ұрлық та, тонау да осы аймақта көп болады. Бұл ауданда оқушылар мектепке барады. Өскелең ұрпақ осының бәрін көріп өсіп келеді. Сонда ертеңгі күні қандай ұрпақты тәрбиелеп өсірмекшіміз? Қазір ақсақалдарымызға дейін өзінің сүйікті жезөкшелері бар. Олар зейнетақы алған күні жезөкшеге кезекте тұрады», – дейді Шұғайпова.
Қоғамдық полиция көмекшісінің айтуынша, секс-құлдықпен күресуге жалғыз полицияның күші жетпейды. Сол үшін ол Ақтөбе облысы әкімінің осы мәселеге аса назар аударуын және жіті қадағалауын сұрады.