Президент: Халықтың табысын көбейту керек

0
478

Ел халқының жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет.


Президент: Халықтың табысын көбейту керек

ERNUR.KZ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңейтілген кеңесте айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Қазақстан – осы геосаяси аймақта ауқымды, демократияны арқау еткен реформалар жолына түскен бірден-бір мемлекет. Сондықтан бізге оңай болмайды. Бірақ бұл жолды қалайда жүріп өтуге тиіспіз. Енді жұмысқа жұмыла кірісеміз. Осында отырған әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек.
Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет", - деді ол.

Реформалардың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту.

"Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс. Мұның бәрін мықты нарықтық экономика болса ғана, табысты жүзеге асыра аламыз", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, Қазақстан азаматтардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған шынайы нарықтық экономикаға көшуі қажет. Сондықтан алдымызда күрделі кезең тұр, деді ол.

"Біз қиын-қыстау заманда өмір сүріп жатырмыз. Дәстүрлі экономикалық және логистикалық байланыстар үзіліп жатыр. Оған қоса инфляция шарықтап тұр. Әлем экономикасының даму қарқыны төмендеп кетті. Мемлекеттер қарызға белшеден батты. Сауда-саттыққа кедергі көбейеді. Сондай-ақ елдердің өзара сенімі азайып барады. Мұның бәрі әлем экономикасындағы қалыпты жағдайға айналды. Бұдан былай табиғи байлық еліміздің орнықты дамуына негіз бола алмайды", - деді Тоқаев.