Президент оқушылардың хиджаб киюіне қатысты пікір білдірді

0
639

​Президент балалар есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санайды.


Президент оқушылардың хиджаб киюіне қатысты пікір білдірді

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде мектепте хиджаб киюге қатысты пікір білдірді, деп деп жазады sputnik.kz.

"Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс", - деді Тоқаев.
Ол мектеп ең алдымен, білім ордасы екенін, балалар мектепке білім алу үшін баратынын атап өтті.
"Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды.
"Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз", - деп түйіндеді президент.