ҚР Президенті сайлауында әлемнің 53 еліндегі 12 мыңнан астам қазақстандық дауыс беруі ықтимал екенін мәлім етті.
ERNUR.KZ. Бүгінгі таңда ҚР Президенті сайлауына қатысатын 139 халықаралық байқаушы аккредиттелді. Мұны БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Президент сайлауын 8 халықаралық ұйым, шет мемлекеттердің және Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері бақылайтын болады. Бүгінгі таңда 139 халықаралық бақылаушы аккредиттелген. Сайлауды бақылауға барлығы 600-ден астам өкіл қатысады деп күтілуде», - деді ведомствоның ресми өкілі.
Бұдан өзге, ол ҚР Президенті сайлауында әлемнің 53 еліндегі 12 мыңнан астам қазақстандық дауыс беруі ықтимал екенін мәлім етті. Бірақ биылғы сайлауда Украинадағы сайлау учаскелері жұмыс істемейді.
Айбек Смадияровтың дерегінше, бұл шешім аталған елдегі жағдайға балайланысты қабылданған. Сондықтан сайлауға қатысуға ниетті қазақстандықтар Молдова немесе Польшаға барып дауыс бере алады.