Президент тапсырмасынан кейін ел бюджеті 200 млрд теңгеден қағылатын болды

0
804

Қаржы министрі президенттің тапсырмасына сәйкес қандай кәсіпкерлер табыс салығынан босатылатынын түсіндірді.


Президент  тапсырмасынан кейін ел бюджеті 200 млрд теңгеден қағылатын болды

ERNUR.KZ. Микро және шағын бизнесті табыс салығынан босатқаннан кейін ел бюджеті 200 миллиард теңгеден қағылады. Алайда үкімет бұл шығынды салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен қайтаруды көздеп отыр. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.

Айтуынша, былтыр микро және шағын бизнестен мемлекеттік бюджетке 190 миллиард теңгеге тарта салық түскен.

"2020 жылы, егер біз осындай компаниялар мен жеке кәсіпкерлерді салықтан босатсақ, бюджет шығыны 200 миллиард теңгеден асады. Бірақ, біз бұл шығынды салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен қайтаруды жоспарлап отырмыз", - деді Смайылов үкімет кулуарында.

Осы орайда қаржы министрі президенттің тапсырмасына сәйкес қандай кәсіпкерлер табыс салығынан босатылатынын түсіндірді.

"Салық заңнамасына сәйкес, 15 адам жұмыс істейтін және жылдық табысы 30 мың АЕК-ке дейін немесе 76 миллион теңгені құрайтын жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар микробизнеске жатады. Ал 100 адамға дейін жұмысшысы бар, жылдық табысы 300 АЕК-ке дейін немесе жылына 757 миллион теңгені құрайтын ұйымдар шағын бизнес саналады", - деді ол.

Қазақстан президенті 2 қыркүйекте жария еткен жолдауында үкіметке микро және шағын бизнесті үш жылға табыс салығынан босату туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын.