Ол қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі ең жоғары мекемесінде жазасын өтейді.
ERNUR.KZ. ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері Германияның кеден органдарымен бірлескен жедел шаралар барысында «Қазпошта» АҚ бөлімшесінен қызыл түсті үшбұрышты таблеткалар бар екі конвертті алу кезінде Алматы қаласының тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Хабар24.
Сараптаманың қорытындысына сәйкес таблеткалардың құрамында 88,99 грамм аса ірі мөлшерде МДМА (экстази) психотроптық затының бар екені анықталды.
Оған қоса, күдікті тұлғаның пәтерін тінту барысында 31,25 грамм ірі мөлшердегі псилоцин мен псилоцибиннен тұратыны өсімдік тектес психотроптық заттар табылып, тәркіленді. Ол заттарды әрі қарай сату мақсатында сақтаған.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен Алматы қаласының тұрғыны ҚР ҚК 297-бабы 1,2,3 б. (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) және 286 бабы, 4 б. (айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) сәйкес кінәлі деп танылды.
ҚР ҚК 58-бабы талаптарының негізінде оған қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі ең жоғары мекемелерінде 16 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.