ҚР Ұлттық банкі: Ипотекасын өтей алмағандар тұрып жатқан үйін жалға ала алады

0
1 487

ҚР Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктердің алдындағы өз борыштарын өтей алмайтындардың көрсеткіші жалпы арызданғандардың 15-20 пайызын құрайтынын анықтады.


ҚР Ұлттық банкі: Ипотекасын өтей алмағандар тұрып жатқан үйін жалға ала алады

Екінші деңгейлі банктер қаржысы толығымен төленбеген үйді өз борышкерлеріне жалға беретін болады. Бұл туралы дөңгелек үстел отырысында Ұлттық банктің сыртқы коммуникациялар және қаржы мәселелері бойынша тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі департамент директоры Александр Терентьев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ипотека бойынша борышкерлердің қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыру барысында ҚР Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктердің алдындағы өз борыштарын өтей алмайтындардың көрсеткіші жалпы арызданғандардың 15-20 пайызын құрайтынын анықтады.

Департамент ұсынған ақпаратқа сай, бағдарлама талаптары бойынша борышкерлер арызы қаралып жатыр. 2016 жылдың 1 қаңтарына дейінгі арыздарға Ұлттық банк құрған арнайы комиссия талдау жасап, әлеуметтік жағдайына байланысты банк алдындағы борышын өтей алмайтын азаматтар реті анықталды. Олар екінші кезеңде ипотека келісімі бойынша төлеуге тиіс пайыздық мөлшерлемелерінен толығымен арылады. Нақтырақ айтар болсақ, екінші деңгейлі банктің ипотекаға қойған үстемеақысы бағдарлама аясында жойылады. Ал ипотека төлемі теңгенің құнсыздануына дейінгі, яғни 2015 жылдың 18 тамызы күнгі валюта бағамы бойынша анықталады.

«Үшінші кезеңде, екінші деңгейлі банктер қаржысы толығымен төленбеген үйді өз борышкерлеріне нақты белгіленген сома бойынша жалға беру құқығына ие болады. Бұл - ипотекасын төлей алмайтын азаматтарға ұсынылатын соңғы мүмкіндік. Мұнда әр борышкердің ипотекасы жеке қаралады, яғни олардың төлеуге міндетті сомасы әртүрлі болуы мүмкін. Осылай белгілі бір уақыттан кейін борышкерлер тек үйдің бағасын ғана төлеп, өз ипотекасын жабады», - дейді Александр Терентьев.

Оның айтуынша, әлеуметтік жағдайы ипотекалық міндетін орындауға жетіп тұрса да, төлеуден әртүрлі себептермен жалтаруға тырысып жатқан азаматтар да бар. Оларды арнайы құрылған комиссия анықтап, бағдарламадан шеттетеді.

Айта кетсек, ипотека бойынша борышкерлердің қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы Елбасы үндеуімен 2015 жылдың сәуір айынан өз жұмысын бастады. Бағдарламаға Ұлттық Банк есебінен 300 миллиард теңгеге дейін қаржы жұмсалады. Қайта қаржыландыру бағдарламасы ағымдағы жылдың 30 желтоқсанына дейін жүргізіледі. Ал борышкерлер қайта қаржыландыру өтініштерін екінші деңгейлі банктерге 2018 жылдың 15 желтоқсанына дейін өткізулері тиіс.