Вакцинация ғана аурудың ауыр күйінен және ИВЛ аппаратынан қорғайды, дейді елордалық дәрігерлер.
Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Күн сайын коронавирус инфекцияның 1300-ден астам жағдайы тіркеледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
«Дельта» штаммы жылдам жұғып, адам ағзасына ауыр әсер етеді. Бір жарым жылдан астам уақыт бойы COVID-19-бен күресіп келе жатқан елордалық дәрігерлер ауруханадағы жағдайды көрсетті. Кадрлардың бірінде әрең дем алып жатқан ер адамның кеудесі көрсетілген. Пациенттің өздігінен дем ала алмай, арнайы аппаратқа қосылғанын көруге болады.
Зейнеткер Мәдина Сыздықова жұбайымен бірге босаңсып, қауіпті вирусты ұмытып кеткенін мойындады.
«Жұбайым екеуміз қауіпсіздік шараларын сақтап жүргенде бәрі жақсы болатын. Құрметті азаматтар! Мен сіздерді коронавируспен ауырған адам ретінде бұл ауруға жүрдім-бардым қарауға болмайтынын ескертемін. Вирустық инфекция өте қауіпті. Қорқатындай-ақ қауіпті! Енді жұбайым екеуіміз ем алып, осы ауруханада жатырмыз», - деді 68 жастағы Мадина С.
Инфекциялық стационарға қайта бейінделген Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының инфекционист дәрігері Айнұр Омарова қала тұрғындарына үндеу жолдап, инфекцияның қауіптілігін еске салды.
«Жағдайдың ауыр екенін алдыңғы шепте жүрген бізден сұраңыздар!. Ауыр науқастар көп, реанимациялық төсектің біреуі де бос емес. Індет жұқтырған балалар көп. Өзіңіздің де, өзгелердің денсаулығын қорғаудың жолы — санитарлық нормаларды сақтау және вакцинация. Вакцинация ғана аурудың ауыр күйінен және ИВЛ аппаратынан қорғайды. Вакцинация сізді де, айналаңыздағы жандарды да сақтайды», — дейді дәрігер.