Сайлау комиссиясында жұмыс істейтіндер қанша жалақы алады

0
1 063

​Жалақы сайлауға бөлінген қаржы есебінен төленеді. Сондай-ақ, уақытынан артық жұмыс істегені үшін де ақы төленеді.


Сайлау комиссиясында жұмыс істейтіндер қанша жалақы алады

ERNUR.KZ. Орталық сайлау комиссиясы мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы кезінде учаскелік комиссияларда жұмыс істейтін адамдардың жалақысын жариялады, деп жазады sputnik.kz.

Комиссия мүшесі Сәбила Мұстафинаның айтуынша, сайлау науқаны кезінде комиссияларда жұмыс істейтін мамандарға үш минималды еңбекақыдан төмен болмайтын жалақы белгіленеді. Бұл – заң талабы. Жалақы сайлауға бөлінген қаржы есебінен төленеді.

"2020 жылда үкімет минималды еңбекақыны 42 500 теңге көлемінде белгілеген болатын. Сондықтан сайлау комиссияларының мүшелеріне, кем дегенде, 127 500 теңгенің (үш минималды еңбекақы - Sputnik) жалақысы төленеді. Сондай-ақ, уақытынан артық жұмыс істегені үшін де ақы төленеді. Бірақ оның көлемі айына 12 сағаттан аспауы тиіс", - деді Мұстафина ОСК-да өткен онлайн брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, демалыс пен мереке күндері де жалақы төленеді. Бірақ әрбір адамның жұмысқа шыққаны туралы табель жүргізіледі.

"Сондықтан жұмыс істеген уақытына қарай еңбекақы төленеді. Ал комиссия мүшелерінің жалақысы бірдей болады", - деп атап көрсетті Мұстафина.

Сайлауға қанша ақша бөлінді

Мәжіліс пен мәслихаттардың бірлескен сайлау науқанына кететін шығындардың жобалық сметасы 15,3 миллиард теңгені құрап отыр. Соның басым бөлігі сайлау комиссияларында жұмыс істейтін адамдардың жалақысына жұмсалады.

Мәселен, осы жылдың аяғына дейін ұсынылған шығындардың сметасы - 10,8 миллиард теңге. Соның 7,3 миллиард теңгесі, яғни, жалпы шығындардың 68 проценті 10 061 сайлау комиссиясында жұмыс істейтін 70 681 адамның еңбекақысына жіберіледі. Бұдан бөлек, 3,5 миллиард теңге (32% ) бюллетеньдерді шығаруға, полиграфиялық қызметтерге, ақпараттық жұмысқа және сайлау комиссияларының ұйымдастырушылық шараларына жұмсалады.

Карантиндік ережелер де сақталады. Осыған байланысты комиссия мүшелерін жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге 341,4 миллион теңге бөлінеді.

Ал келесі жылдың шығындары 4,5 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Осы қаржының барлығы дерлік сайлау комиссияларының мүшелері алатын жалақыға жұмсалады. Себебі сайлауға дейін он-ақ күн қалады.

Сәбила Мұстафинаның айтуынша, мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына бөлінген қаржы үнемделуі мүмкін. Сол кезде қалған қаржы бюджетке қайтарылады. Мысалы, 2019 жылы президент сайлауының қорытындысы бойынша 445 миллион теңге үнемделген. Ал биыл тамыз айында болған сенат сайлауынан 120 миллион теңге қалған. Ол ақша да бюджетке қайтарылады.

Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы

Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді. Кандидаттарды ұсыну 10 қарашада басталып, 30 қараша күні кешкі сағат 18:00-де аяқталады. Үміткерлерге қойылатын талаптар конституциялық заңда көрсетілген. Олар:

  • Қазақстан азаматтығы;
  • Қазақстан аумағында соңғы 10 жыл тұру;
  • 25 жасқа толу;
  • сайлау құқығының болуы.

Сайлаудың жарнасы 679 500 теңгені құрайды. Оны партиялық тізімге енген әрбір адам үшін төлеу керек. Ал бұған дейінгі сайлауда 7 проценттік межеден асқан партиялар – Nur Otan, Ақ жол мен Қазақстан коммунистері партиясы жарна төлемейді.

10 желтоқсан күні кешкі сағат 18:01-де сайлауалды үгіт-насихат басталады да, 2021 жылы 9 қаңтарда түнгі сағат 00:00-де аяқталады. Сол күн тыныштық күні болады. Ал 10 қаңтарда дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталып, кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Дауыстарды 12 сағаттың ішінде санап шығу қажет.

Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру аяқталғаннан кейін жеті күннің ішінде сайлаудың нәтижесін жариялайды.

Сайлауға қанша партия қатыса алады

Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді. Бүгінде әділет министрлігінде алты саяси партия тіркелген. Олар:

  • Nur Otan;
  • "Ақ жол" партиясы;
  • Қазақстанның халықтық коммунистер партиясы;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы;
  • "Бiрлік" партиясы;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы.

Бүгінде парламент мәжілісінде үш партия - Nur Otan, Халықтық коммунистер мен "Ақ жолдың" өкілдері отыр.