Сайлауда дауыс бергендерге сыйлық таратады деген хабарлама – жалған

0
2 348

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан осы тәріздес хабарламалар ресми түрде жоққа шығарылды.


Сайлауда дауыс бергендерге сыйлық таратады деген хабарлама – жалған

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 10 қаңтар күні өтетін сайлауда дауыс бергені үшін Nur Otan партиясы атынан сыйлықтар табыс етіледі деген ақпарат тарап жатыр. Хабарламада сыйлықтар көбінесе азық-түлік себеті ретінде ұсынылады делінген, деп жазады Azattyq Rýhy.

Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалы аталмыш ақпаратты ресми түрде теріске шығарып, мәлімдеме жасады.

«Бүгін – Тыныштық күні. Бүгін және ертең, яғни сайлау күні сайлаушыларға сайлауға қатысқаны үшін сыйлықтар, кәдесыйлар мен ақшалай төлемдер табыстауға тыйым салынады! Дауыс беруге қатысқаны үшін сыйлықтар таратылады деген жалған ақпараттарға сенбеңіздер! WhatsApp желісіндегі және өзге де мессенджерлердегі хабарламалар шындыққа сәйкес келмейді», - делінген Nur Otan филиалының ресми мәліметінде.

Партия жалған ақпарат таратумен айналысқан азаматтардың құқықтық жауапкершілікке тартылатынын еске салады, сондай-ақ, қазақстандықтарды тек ресми дереккөзге ғана сенуге шақырады.

Еске салсақ, 10 қаңтар күні Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы өтеді.

Бүгін, 9 қаңтар – тыныштық күні.

«Қазақстан Республикасының сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына сәйкес, сайлау күні және сайлау қарсаңындағы күні кез келген сайлауалды үгіт-насихат шараларына тыйым салынады, ондай шаралар заңсыз саналады. Тыйым үгіт-насихаттың барлық түріне қатысты болмақ: тыныштық күні телевидение арқылы сайлауалды роликтер көрсетілмейді, парақшалар таратылмайды, сайлаушылармен кездесулер өткізілмейді. Сайлауалды үгіт жұмыстарына қатысты кез келген іс-әрекетке тыйым салынады және ол үшін заңнамада құқықтық жауапқа тарту шарасы қарастырылған.