Миниағзам Авлирямов әлі күнге дейін ДТ-75 тракторын жүргізеді.
ERNUR.KZ. «NurOtan» партиясының өкілдері Қарағанды облысы Тікенекті ауылының 82 жастағы тұрғыны туралы айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.
82 жастағы Миниағзам Авлирямов әлі күнге дейін ДТ-75 тракторын жүргізеді. Қарапайым қария ауылдастарына жазда шөп шабуға көмектеседі, ал қыста қар басқан жолдарды тазалайды. Ол жұмыстың бәрін тегін істейді. Кейіпкеріміз тұратын ауыл аудан орталығынан 320 шақырым жерде орналасқан. Арнайы техника аудан орталығынан Тікенектіге жеткенше қар құрсауында жатқан елдімекен өркениеттен ажырап қалуы мүмкін.
«60 жыл бұрын Сарыөзен совхозына тракторшы болып жұмысқа тұрдым, қазір ауыл Тікенекті деп аталады. Мұндағы алғашқы ағаштарды біз ектік, алғашқы үйлердің іргетасын біз қаладық десем, артық айтқаным емес. Осы ауылда үйлендім, үй болдым, бес бала тәрбиеледім. Мен өз тракторыма (ДТ-75) Дос-Темір деп ат қойғам. Тракторсыз өмірімді елестете алмаймын. Оның моторының гүрілі мен үшін жүрегімнің дүрсілі сияқты. Ешқашан мақтау мен марапат сұраған жоқпын. Тек менің ақ-адал тіршілігім жастарға үлгі болса екен», - дейді Миниағзам ата.
Ауылдастары да Миниағзам ата жайлы тек жақсы пікірде. Олар үшін ақсақал – жол тазалаушы ғана емес, нағыз құтқарушы.
«Ол кісі бізге өте жақын адам. Миниағзам атаның арқасында қыста 300 үйдің жолы ашық. Облыс орталығында оқитын балалар уақытымен отбасына оралады, жедел жәрдем де үздіксіз келіп-кетіп жатады. Ал немелеріміз оны «Сарыөзендік Супермен» деп атайды», - деп ағынан жарылады ауыл тұрғыны Алмаш апай.