Саясат Нұрбек енді ғылым және жоғары білім министрі, ал Берік Әбдіғалиұлы – Ұлытау облысының әкімі.
ERNUR.KZ. Парламент мәжілісі депутаттар Саясат Нұрбек пен Берік Әбдіғалиұлының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты, деп жазады sputnik.kz.
Мәжілістің жалпы отырысында Орталық сайлау комиссиясы депутаттардың назарына Саясат Нұрбек пен Берік Әбдіғалиұлының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату үшін ұсыным енгізді.
Жуырда президент жарлығымен Саясат Нұрбек ғылым және жоғары білім министрі, ал Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі болып тағайындалған еді. Мәжіліс депутаттары ұсынымды бірауыздан қолдап, қаулы қабылдады.
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов әріптестеріне сәттілік тілеп, Саясат Нұрбекке алғыс хат табыстады. Берік Әбдіғалиұлы ертең Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың өтуіне байланысты елордаға әріптестерімен қоштасуға келе алмаған.
Мінберге шыққан Саясат Нұрбек әріптестеріне алғыс айтып, ғылым министрлігінің есігі әрқашан ашық екенін айтты.
"Сіздермен әрқашан тығыз байланыста болғым келеді. Маған үлкен жауапкершілік түсіп отыр. Референдумнан кейін жаңа Қазақстанды енді құрамыз деп жатқанда тұңғыш тағайындалған министр мен болдым", - деді экс-депутат.
Осы орайда Нұрбек Мұхтар Шахановтың бір өлеңінен үзінді оқып берді. "Менің арманымды білесіздер. Білім, ғылым, ағартушылық. Жастарымыз, мектептеріміз, жоғары оқу орындарымыз халықаралық стандарттарға сай болсын, ғылым көтерілсін деген арманмен жүрген азаматпен.
Ерлан Жақанұлы, сізге көп рахмет. Шын жүректен айтайын, сіздей бастық менде болған емес. Ел ағасысыз. Сіздердің қолдауларыңыз маған керек болады", деді ғылым министрі.