Жасыратын несі бар, кезінде біз 2010-2016 жылы 60 мың ірі қара мал етін сыртқа экспорттаймыз деп міндеттеме алған болатынбыз. Ақыры сол міндет орындалмады.
Қазақстан үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев алдағы он жылға әзірленген мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға бір кісідей жұмылуға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ауыл шаруашылығының дамуы қаншалықты маңызды екенін бәріміз білеміз. Елбасы өз сөзінде экономика өсімінің драйвері ауыл шаруашылығы болуы тиіс екенін айтқан болатын. Оның ішінде маңыздысы – етті мал шаруашылығы. Сол себептен бұл жұмысқа барлығымыз бір кісідей күш салып, кірісуіміз керек", — деді Сағынтаев үкімет отырысында.
Премьер-министр бұған дейін мал шаруашылығы саласында орындалмаған міндеттерді еске салды.
"Жасыратын несі бар, кезінде біз 2010-2016 жылы 60 мың ірі қара мал етін сыртқа экспорттаймыз деп міндеттеме алған болатынбыз. Ақыры сол міндет орындалмады. Әртүрлі себептермен, әрине, қазір оны талқылауың қажеті жоқ. 2016 жылы біз бар болғаны 6,8 мың тонна ет экспорттасақ, 2017 жылы 5 мың тонна ірі қара мал еті сыртқа шықты. Енді қазір Елбасының тікелей араласуымен Қытайға жылқы еті мен қой етін кіргізу бойынша кедергілер алынып тасталды. Араб Әмірлігімен де ірі қара мал етін сатып алу, кіргізу кедергілері де алынып тасталды. Қытаймен ірі қара мал еті бойынша жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Алдағы уақытта мал санын көбейтіп, экпортқа шығаруға мүмкіндіктер бар", — деді үкімет басшысы.
Осы орайда Сағынтаев бүгінгі бағдарламада жоспарланған шараларды іске асыру үшін мемлекеттік органдармен тағы бір мәрте пысықтап алуды тапсырды.
"Үлкен тапсырма, міндет қойылып отыр. "Аспандағы құсты ұятқа қалдыратын жердегі жем" дейді, сол себепті үлкен тапсырманы орындау барысында Өмірзақ Естайұлы (ауыл шаруашылығы министрі – автор ескертп.), Елбасы мен халықтың алдында тағы да ұятқа қалмайық. Бақылау сізде", — деп тапсырды премьер.