Мемлекет басшысы бірнеше жаңа облыстардың құрылатынын айтты

0
687

Алматы облысын екіге бөлінеді.


Мемлекет басшысы бірнеше жаңа облыстардың құрылатынын айтты
Мемлекет басшысы Қазақстанда бірнеше жаңа облыс құруды ұсынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
"Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған", - деді Президент.

Сонымен қатар, Жезқазған қаласын қайта облыс орталығы ету жайы айтылды.

"Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім", - деді Тоқаев.

Алматы облысының екіге бөлінетіні белгілі болды.

"Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады", - деді Мемлекет басшысы.

"Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.