Ол ешқандай қан-төгіс болғанын қаламайтынын тағы айтты.
ERNUR.KZ. Талғарда қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қазақстандықтарға видеоүндеу жасады, деп жазады BAQ.KZ.
Ол ешқандай қан-төгіс болғанын қаламайтынын тағы айтты.
“Ассалаумғалейкүм, құрметті қазақ елі. Мен ешқандай қан-төгіс болғанын қаламаймын. Ешқандай қан-төгіс болмасын. Бұл жерде кеше түннен бері құзырлы орган өкілдері жүр. Қылмыскерлер жауап береді деген сенімдемін. Мен ешқашан өзім үшін қорықпаймын. Қай кезде де, кім келіп жатса да, сөйлесе аламын. Елді дүрліктіріп, қан төгіп, біреулердің обалына қалмайық. Жоғарыдағы кісілерге де айтатыным осы: Ешқандай қантөгіс болғанын қаламаймын. Заң аясында шешіледі деген үміттенемін. Қай кезде болсын, "Әділетті Қазақстан" болатынына сенемін. Қорқыныш жоқ. Бір қазақ бір қазақты өлтіріп, атып жатса, ол дұрыс емес”, - деді Қаржаубай Нұрымов.
Айта кетейік, бүгін түнде Талғарда қаза тапқан Шерзаттың үйі өртеніп кетті. Куәгерлердің айтуынша, өрт сөндіру қызметінің жедел әрекетіне қарамастан, үй түгелдей өртеніп кеткен.
Алматы облысының полиция департаменті өрт фактісін растады. Бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Сондай-ақ бүгін Бас прокуратураның басшылығымен қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.